Ана өлімі тыйылмай тұр: Алматыда жыл басынан бері 20-дан аса келіншек қайтыс болды
Дәрігерлер оған коронавирус себеп болып отыр дейді
Алматыда ана өлімі тыйылмай тұр. Биылғы тоғыз айдың өзінде қалада 21 келіншек бақилық болған. Аймақта қайғылы жағдайлардың жиілегенін акушер-гинеколог мамандар да растап отыр. Бұл туралы Azattyq Rýhy «Астана» телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Дәрігерлер қайғылы жағдайдың жиілегенін коронавирустың салдары дейді. Ал қара жамылған отбасылар, індеттің қатысы жоқ екендіне сенімді.
«Дәрігерлерді жазалау керек. Адамды өз қолымен өлтіріп отыр ғой. Сау күйде өзім дәрігерлерге апарғанмын. Ол жерде 6 адамның кінәсі болып тұр. Әйелім қайтыс болып кетеді, ішінде баланы алмаған ғой», - дейді төртінші баласын босанамын деп перзентханаға өз аяғымен барған Айжан Шепенованың күйеуі Бақытжан Ерментаев.
Қазір іс бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталған. 9 қаңтарға бірінші сот отырысы жоспарланған. Үш перзентімен жалғыз қалған Бақытжан кінәлілердің әділ жазалануын сұрайды.
«Әлі есімді жия алмай жүрмін. Ұйықтасам түсіме кіреді. Анасыз балаларым қалай өседі, қиналамыз. Балаларым да қиналып жүр. Өзім де қиналамын, әке-шешем де қиналады. Бос үйге кіресің», - дейді марқұмның күйеуі.
Бүгінде мегаполисте мұндай оқилардың саны азаймай тұр. Тоғыз айдың өзінде 21 келіншек босану не жүктілік кезінде көз жұмған. Мамандар өлімнің көбеюіне вирус себеп болып отыр деді.
«Ана өлімінің бірнеше себебі бар. Ал соңғы жылдағы ана өлімінің Қазақстанда көбеюінің бірден бір себебі ол коронавирус. Қазір ең көп ана осыдан қайтыс болып отыр. Ал акушерлік жағынан келетін болсақ – қан кетулер. Дер кезінде дәрігерге қаралмау», - дейді акушер-гинеколог дәрігер Әйгерім Ақшабаева.
«Астана» телеарнасының хабарлауынша еліміз бойынша былтыр 156 әйел көз жұмған. Яғни 2,8 есеге өскен. Белсенділер өлімнің артуына көбіне білікті маман мен озық технологияның жетіспеуінде дейді.