Алматы облысының Ұйғыр ауданындағы үйлену тойы адам өлімімен аяқталды
Тойға келген жастар төбелескен
Алматы облысы Ұйғыр ауданына қарасты Шарын ауылында болған үйлену тойының соңы қайғылы жағдаймен аяқталды деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі облыстық Полиция департаментіне сілтеме жасап. Тойға келген қонақтардың арасында болған төбелес адам өлімімен аяқталды.
Оқиға 12 желтоқсан күні түнде болған. Тойға келген қонақтар арасында ерегіс болып, алкогольдік ішімдік ішкен біреуі екіншісінің жүрек тұсына пышақ сұғып алған. Алған жарақаты салдарынан жәбірленуші оқиға орнында көз жұмды.
«26 жастағы азамат тойда болған ерегісті көріп, ол дереу қалтасындағы пышақты шығарып, ұрысып жатқандардың арасына түскен. Жәбірленуші оны тоқтатпақ болғанда жігіт оның кеудесіне пышақ сұғып алған. Қазір күдікті ұсталып, жасаған іс-әрекетін толық мойындады», - делінген Полиция департаменті таратқан хабарламада.
Белгілі болғандай, күдікті пышақты үнемі өзімен бірге алып жүрген екен. Оның үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы (Кісі өлтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Тергеу аяқталғанға дейін ол 2 ай қамауда болады.