Қызылордада 1174 киікті атып өлтірген браконьерлер қолға түсті
Олар киік мүйіздерін сату кезінде ұсталды
Қызылордада киік мүйіздерін заңсыз иемдену және өткізумен айналысқан қылмыстық топ қолға түсті. Қылмыскерлерді Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті мен облыстық прокуратура бірлесіп ұстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Екі азамат киік мүйіздерінің ірі партиясын сату әрекеті кезінде қолға түсті. Олардан жалпы салмағы 500 келі болатын 2347 киік мүйізі тәркіленді. Мұнша мүйізді алу үшін браконьерлер 1174 киікті өлтірген.
Қылмыстық әрекет салдарынан мемлекетке 5 млрд теңге көлемінде залал келді.
Ал браконьерлік әрекет кесірінен еліміздегі киік популяциясына айтарлықтай зиян келгені айтпаса да түсінікті.
Қазіргі уақытта қолға түскен күдіктілер қамауға алынды. Оларға қатысты Қылмыстық кодекстің 339-бабы 3-бөлігінің 2-тармағы (жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.