Ақтауда наразылыққа шыққан көше тазалаушылардың талаптары орындалды
Жұмысшылардың шағымынан кейін денсаулығына байланыста жұмыста болмаған қызметкерлердің ақысы төленді
Ақтауда қала тазалығы бойынша мердігер компанияның жұмысын атқаратын "WRC" ЖШС жұмысшылары еңбекақыға қатысты наразылық білдірген соң талаптары орындалды, деп хабарлайды Экспресс К.
Жұмыстан кейін мекеме басшылығына талап айтқан жұмысшылар қазір өз міндеттерін атқаруда.
Ақтау қаласы бойынша көше тазалығына жауапты "WRC" ЖШС-нің қызметкерлерінің наразылығынан соң мәселе бойынша қала әкімінің орынбасары М.Әбдіқадыров шұғыл жиын өткізген.
"Жұмысшылар денсаулығына байланысты жұмысқа жарамсыз күндеріне уақытылы ақы төленбеу, мереке күндеріне үстемеақы төлеу, сонымен қатар, серіктестіктің ішкі қауіпсіздік қызметі басшысы тарапынан қысым көру сынды әрекеттерді айтып шағымданған болатын. Жұмысшылардың шағымынан кейін денсаулығына байланыста жұмыста болмаған қызметкерлердің ақысы төленді. Өзге де аталған шағымдарға сәйкес қала әкімінің орынбасары мердігер мекеме басшысына шұғыл шешім қабылдау бойынша тапсырма берді. Оның орындалуы енді қала әкімі орынбасарының бақылауында болады", — деді Ақтау қаласы әкімінің баспасөз қызметіндегілер.