Алматылық жігіт Tik-Tok түсіремін деп жауапкершілікке тартылды
Ол жүріп бара жатқан пойыздың басқышына секіріп мініп, бейнероликтер түсірген
24 жастағы алматылық жігіт Шамалған станциясында Tik-Tok түсіремін деп жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Көліктегі полиция департаменті әлеуметтік желідегі ресми парақшасында хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, теміржол бойында рейдтік іс-шаралар жүргізу барысында Шамалған станциясындағы Желілік полиция бөлімшесінің қызметкерлері 24 жастағы Алматы қаласының тұрғынын ұстаған.
"Ол танымал Tik-Tok желісі үшін жүріп бара жатқан пойыздың басқышына секіріп мініп, бейнероликтер түсірген", - дейді Көліктегі полиция департаментінің бастығы Оңал Бекеев.
Департамент басшысының айтуынша, жас жігіт ҚР ӘҚБтК-нің 560-бабының 1-бөлігі (Теміржол көлігі құралдарын пайдалану ережелерін бұзу) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған 5 АЕК көлемінде айыппұл салынған.