Қорғаныс министрлігі жұмысын істеткен соң кәсіпкерге ақшасын бермей қойған
Кәсіпкердің аталған ведомстводан шамамен 130 млн теңге алашағы бар
Павлодарлық кәсіпкер Қорғаныс министрлігінен ақшасын ала алмай жүр. Шамамен 130 млн теңге алашағы бар. Оның айтуынша, тендер арқылы Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданындағы әскери қоймаға жөндеу жұмыстарын жүргізген. Жұмыстары аяқталысымен, министрлік ақша төлеуден бас тартыпты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
Кәсіпкердің айтуынша, Қорғаныс министрлігі бастапқыда оған жұмыс ұсынып, кейін оны өзге мердігерге беріп жіберіпті. Осылайша, бір жұмысқа екі рет конкурс өткізген деп отыр.
«Қорғаныс министрлігі төлем жасамағандықтан, біз биыл салық та төлей алмай отырмыз. Жалпы қарызымыз 12 млн теңгені құрады. Оның ішінде салықтан бөлек, жұмысшылардың жалақысы бар, бізге құрылыс материалдарын жеткізіп берген кәсіпорынға да қарызымыз бар. Банкротқа ұшыраудың алдында тұрмыз», – дейді кәсіпкер Евгений Кузьменко.
Кәсіпкер жұмыстың жалпы көлемін 128 млн 880 мыңға бағалаған. Ақысын төлемеген соң сотқа да жүгініпті. Алайда сот кәсіпкердің арызын қанағаттандырмаған. Амалы таусылған бизнесмен, кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі кеңес өкілдеріне де жүгінген.
«Мемлекеттік сатып алу кезінде өрескел заңбұзушылық болған. Бұл бойынша құзырлы органдар тексеру жүргізуі керек. Бюджет ақшасы болғандықтан, тиісті шара қолданылуы тиіс. Қазір Қаржы министрлігінің атына хат жаздық. Аталған факті бойынша тиісті тексеру жүргізіліп жатыр. Жұмыс орындалған. Сондықтан министрлік ақы төлеуге міндетті», – деді Өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Серік Әубәкіров.
Басы дауға қалған Қорғаныс министрлігі болса, мұның барлығын жоққа шығарып әлек. Берген ақпараты қысқа, әрі жазбаша ғана болды.
«Нұр-Сұлтан қаласының ауданаралық экономикалық соты «МИККОН» ЖШС-ін мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы ретінде таныды. Ал аталған кәсіпорынның атқарылған жұмыстарының актісін сот қабылдаудан бас тартты. Нұр-Сұлтан қаласының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы бірінші инстанциядағы сот шешімінін өзгеріссіз қалдырды», - деді делінген ҚР Қорғаныс министрлігінің хабарламасында.
Десе де, шығынға батқан кәсіпкер жұмысын дәлелдеу үшін енді Жоғары сотқа жүгінбек.