Австрияда дәрігер науқастың басқа аяғын ампутациялаған

Azattyq Rýhy

Дәрігерге айыппұл салынды

Фото: BBC

Австрияның Линц қаласының соты науқастың басқа аяғын қателесіп ампутациялаған дәрігерге 2700 евро көлемінде айыппұл салды. Бұл туралы Azattyq Rýhy BBC-ге сілтеме жасап хабарлайды.

Сот отырысына дейін науқастың өзі қайтыс болып кеткен. Оның жесіріне 5000 евро көлемінде өтемақы төлеу міндеттелді.

82 жастағы ер адам осы жылдың мамыр айында Фрайштадт қаласындағы ауруханалардың біріне түскен. Дәрігер науқастың сол аяғының орнына оң аяғын қателесіп кесіп тастаған. Операцияның қате жасалғаны екі күннен кейін аяғын таңып жатқанда белгілі болыпты.

Ол кезде аурухана басшылығы оқиға қолайсыз жағдайлардың салдарынан болғанын айтып түсіндірген. Ал бас дәрігер көпшілік алдында кешірім сұрады.

Алайда іс сотқа дейін жетті, хирургтың айтуынша қателікке операциялық бөлмедегі іс-қимыл схемасының кемшіліктері себеп болған. Сонымен қатар, ампутациялануы тиіс сол аяғының орнына оң аяғын неліктен белгілеп қойды деген сұраққа ол «білмеймін» деп жауап берді.

Одан бері хирург басқа клиникаға ауыстырылыпты. Ал төлеуі тиіс айыппұл кейінге шегерілді.

BBC-дің хабарлауынша медицинада мұндай жағдай өте сирек болады. Дегенмен ара-тұра кездесіп жатады. Мәселен 1995 жылы америкалық хирург операцияның қызып жатқан кезде диабетпен түскен науқастың басқа аяғын кесіп тұрғанын байқаған. Бірақ бұлшық етін, сіңірін толықтай кесіп тастаған соң ампутацияны соңына дейін жеткізуге мәжбүр болған.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.