Елордада сауда орталығынан киім ұрлаған жігіт пен қыз ұсталды

Azattyq Rýhy

Олар қалада осыған ұқсас қылмыстарды бірнеше рет жасаған

Елордада сауда орталығынан киім ұрлаған жігіт пен қыз ұсталды
Фото ашық дереккөзден

Елордада сауда орталықтарының біріндегі бутиктен киім ұрлады деген күдікке ілінген жігіт пен қыз ұсталды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті хабарлады.

Департамент хабарламасына сүйенсек, сауда ойын-сауық орталығының әкімшілігі полицейлерге белгісіз біреулердің бутиктен ерлерге арналған күртеше мен кроссовка ұрлап кеткені туралы арызданған.

Полицейлердің анықтауынша, жас жігіт пен қыз әуелі сауда орталығындағы бутикке кіріп, сатып алатын адамдай киімді таңдаған. Өздеріне сай келетін дұрыс өлшемді тапқан соң, үндемей кассаның жанынан сытылып кеткен.

Жедел іздестіру шаралары барысында күдіктілер 23 жастағы ер адам мен 19 жастағы бойжеткен ұсталып, Есіл аудандық ішкі істер бөліміне жеткізілді.

«Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Жастардың қалада осыған ұқсас қылмыстарды бірнеше рет жасағаны анықталды. Айғақ заттар алынды. Полицейлер қалада бұрын жасалған осыған ұқсас қылмыстарға күдіктілердің қатысы бар-жоғын тексеруде», – делінген хабарламада.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.