«Ыстығым тасып тұр»: Алматыда өрт сөндіргішпен жұртты шошытқан блогер қамауға алынды

Автор: Azattyq Rýhy

Ол осыған дейін метрода пранк жасаған

Алматыда өрт сөндіргішпен елді шошытқан блогер әкімшілік қамауға алынды. Бір топ жігіт бұған дейінде Алматы метросында пранк түсіргендері үшін жазаға тартылған еді. Қайталап тәртіп бұзған тиктокерлер бұл жолы тағы да полицейлердің назарына ілікті. Бір блогер әкімшілік жазамен қамауға алынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ересек жігіттердің ерсі қылықтары көшедегі жүргіншілерге де ұнамаған. Үш жігіт қаладағы ойын-сауық орталықтарының бірінде өрт сөндіргішпен шашып, елді шошытқан. Тұрғындар полицейден қоғамдық тәртіпті бұзушыларды жазалауды сұраған.

«06.09.1999 жылы туған К.С.Әлиакбаров, 26.06.2002 жылғы А.С.Армиянов және оператордың (қазіргі уақытта жеке басы анықталып жатыр) іс-әрекеттері ҚР ӘҚбК-нің 434 бабы – ұсақ бұзақылық бойынша квалификацияланған. Армиянов алдында метрода әуендік колоннамен жасалған пранктерге қатысқан және осыған дейін ҚР ӘҚбК-нің 434-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бұл әрекеттер айыппұлды немесе әкімшілік қамауға алуды көздейді.  Жинақталған әкімшілік іс жүргізу материалы шешім қабылдау үшін сотқа жолданды. Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының қаулысымен К.С.Әлиакбаров  (бейнетаспада қолында өрт сөндіргіші бар) әкімшілік қамауға алу түріндегі жауапкершілікке тартылды.  А.С.Армияновқа және операторға қатысты тексеру жалғасуда», - деді  Алматы қалалық ПД бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Рүстем Әбдірахманов.

Айта кетейік, олар осыған дейін Алматы метросында колонкамен әуен дауысын қатты қойып, пранк жасағаны үшін жауапқа тартылған болатын.