Атырау облысында аудандық аурухананың бұрынғы бас дәрігері сотталды
Ол Құрманғазы аудандық ауруханасын бес жыл бойы басқарған
Атырау облысы Құрманғазы аудандық орталық ауруханасының бұрынғы бас дәрігері бюджет қаражатын жымқырғаны үшін бір жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті өкілінің мәліметінше, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының «Құрманғазы аудандық орталық ауруханасы» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының бұрынғы директорына бұрынғы әріптестерінің қатысуымен үкім шыққан.
«Атырау соттарында мемлекеттік қызметшілер арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға жаңа тәсіл қолданыла бастады. Енді сыбайлас жемқорлық баптары бойынша үкім сотталушы еңбек еткен ұжымның қатысуымен жарияланады», - деп атап өтті Департамент басшысының бірінші орынбасары А. Мамыт.
Сотталушы ҚР Қылмыстық кодексінің 361-бабының 1-бөлігінде, 189-бабының 3-бөлігінің 2-тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 1 жыл бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік ұйымдарда лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырылды.
Айта кетсек, бұрынғы бас дәрігер Құрманғазы аудандық ауруханасын бес жыл басқарған, облыстық мәслихаттың депутаты болған. Тергеу басталған кезде Құрманғазы ауданы Орлы ауылына бас дәрігер болып ауыстырылып, сол жерде қызмет етіп келген.