Қапшағайда балабақшада бала күтуші екі жасар бүлдіршінді ұрып, құлағын жыртты
Зардап шеккен баланың анасы қызына қол көтерген және моральды зиян келтіргендердің барлығын жазалауға ниетті
Қапшағай қаласының тұрғыны баласын балабақшада ұрғанын айтып, шағымын жеткізді. Келіншек бір жас 10 айлық қызын 18 қарашада «Babycity» балабақшасына берген. Алайда бүлдіршінді үйіне әкелгеннен кейін оның денесінен көгерген және қанаған жерлерін байқаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Мен қызымның құлағынан, денесінен және бетінен жарақаттарды көрдім. Құлағынан тартып сүйрегені байқалады, бір құлағында терісі сәл жыртылған. Сондай-ақ, құлағының арты қанаған. Құлақшекесінде үлкен кісінің алақанының ұрған ізі бар», - дейді келіншек.
Зардап шеккен баланың анасы балабақшаның әкімшілігінен мән-жайды анықтауға тырысқан. Алайда ондағылар болған жайтты жоққа шығарған. Сонымен қатар, дәл сол күні бейнежазба камералары белгісіз себеппен істен шыққан екен.
«Келесі күні бала күтуші болған жайтты мойындады. Оның айтуынша, балаларды ұйықтатуға жатқызған кезде, менің қызым ешкімге көнбей мені іздеп, жылаған екен. Бала күтуші ашулы болған. Бірақ сонда да баланы күштеп ұйықтатуға тырысқан. Бала қатты жылаған кезде ол шапалақпен ұрған екен. Нәтижесінде менің қызым төсектің қырына құлап түскен», - дейді әйел.
Алматы облыстық полиция департаменті аталған жағдайға қатысты түсініктеме берді.
«Алматы облысының полиция департаменті 18 қарашада Қапшағай қаласының полиция бөліміне 28 жастағы жергілікті тұрғын өзінің кішкентай қызына балабақшада дене жарақатын келтірген белгісіз тұлғаларға қатысты шара қабылдау туралы жазбаша өтініш қалдырды. Көрсетілген факті бойынша сот-медициналық сараптама тағайындала отырып, тиісті тексеру жүргізіледі, оның қорытындысы бойынша түпкілікті процестік шешім қабылданатын болады» - деп хабарлады ведомстводан.
Бүлдіршіннің анасының айтуынша, балабақша директоры кешірім сұрап, күтушіні жұмыстан босатқаны туралы хабарлаған. Бірақ зардап шеккен баланың анасы қызына қол көтерген және моральды зиян келтіргендердің барлығын жазалауға ниетті.
«Балам стресс алған, үнемі жылайды. Ол оны қалай ұрғанын қолымен көрсетеді көрсетеді», - дейді әйел.