Петропавлда студенттерді алдап, несиеге телефон алғызған алаяқ ұсталды

Ол 3-7 жылға бас бостандығынан айрылуы мүмкін

Петропавлда колледж студенттерін алдап, несиеге ұялы телефон алғызған күдікті үсталды. Облыс орталығының 18 жастағы тұрғыны «олжасын» қала базарларында арзан бағаға сатып келген. Жапа шегушілердің қатарында 500 мың теңгенің телефонын алаяққа ұстата салғандар бар, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі СҚО ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Күдікті жапа шегушілерге сыйақы ретінде 10 мың теңгеден беріп отырған. Ол студенттерге онлайн несие рәсімдетіп, банктен алынған қарыз акция аясында кешірілетінін айтып сендірген. Ал ұялы телефондарды қала базарларында арзан бағаға сатып жіберген. Мамандардың айтуынша алданып қалған жастар саны бұдан да көп болуы мүмкін. Жапа шегушілердің қатарында 500 мың теңге тұратын телефонды несиеге алып, алаяқтың қолына ұстата салғандар бар.

Петропавл қаласының Полиция басқармасына алаяқтық фактілері бойынша бірнеше арыз келіп түскен. Барлық оқиғаның сценарийі бір. Аталған фактілер ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді.

«Күдіктінің сөзінше, бұл алдау тәсілін тамыз айынан қолданып келген. Тергеушілер барлық мән-жайды анықтау бойынша жұмыс жасауда, қазіргі уақытта істегі эпизодтар 20-дан асады. Күдіктінің құрбандары да жастар болған. Олар таныс емес адамның «акция» туралы айтқанына сеніп қалған. Интернет-алаяқтықтың қылмыстың барынша кең тараған түрі болып отыр. Сондықтан халықты мұқият болуға, интернет арқылы қаржы операцияларын жасамас бұрын шынайылығына көз жеткізу керектігін ескертеміз», - дейді Петропавл қаласы ПБ бастығының орынбасары полиция майоры Әлнұр Ахмедьяров.

Күдікті облыс аумағында өткізілген «Hi-tech» жедел-профилактикалық іс-шарасы шеңберінде ұсталды. Ол 3-7 жылға бас бостандығынан айрылуы мүмкін.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.