Жалғызбасты зейнеткердің мәйіті пәтер ішінде 8 күн бойы жатқан
Мәйіт иісін сезген көршілер полиция шақырған

Шығыс Қазақстан облысына қарасты Глубокое ауданында қайтыс болған зейнеткердің мәйіті пәтерде 8 күн жатқан. Бұл туралы ШҚО Полиция департаменті хабарлады.
Ресми мәлімдемеге сүйенсек, Глубокое ауданының Опытное поле ауылындағы көпқабатты үй тұрғындары полицияға подъезд ішінде мәйіттің иісі шығып тұрғаны туралы хабар берген. Мәйіт иісі жалғызбасты қарт әже тұратын пәтерден сезілген. Оқиға орнына тәртіп сақшылары жедел түрде жетті.
«Белгілі болғандай, зейнеткер қайтыс болып, мәйіт пәтерде 8 күн жатып қалған. Жалғызбасты әженің ешкімі болмаған. Марқұмға қарсы ешқандай қылмыстық әрекет жасалмаған», - делінген департамент хабарламасында.
Жергілікті тұрғындардың айтуына қарағанда, әкімдік дезинфекция шараларын жүргізгенімен подъезд ішінен иіс әлі де кетпей тұр.