Павлодарда сегіз жасар бала үйін өртеп жіберді

Azattyq Rýhy

Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ

Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, 7 қараша күні сағат 17:44-те Ломов көшесі, 135-ші үйде өрт шыққаны туралы хабарлама түскен. Үш бөлмелі пәтердің жатын бөлмесінде 4 шаршы метр аумақта жиһаздар мен тұрмыстық заттар өртенген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Өрт сөндірушілер келгенге дейін үйден 32 адам, оның ішінде 7 бала өздігінен сыртқа шыққан.

«Құтқарушылар альпинистік құралдардың көмегімен жетінші қабаттан төртінші қабатқа түсіп, пәтерге кірді. Үйде ешкім болмады. Өрт сағат 18:41-де сөндірілді. Өрттің шығуына баланың  отпен ойнауы себеп болған. Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ. Келтірілген шығын көлемі анықталуда», - делінген облыстық ТЖД хабарламасында.

Төтенше жағдай орнына жеке құрамнан 29 адам мен 8 апаттық техника, апаттар медицинасы орталығы мен «102» қызметінің мамандары шықты.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.