Алматы облысында әйел 10 жастағы ұлын пышақтап тастады

Ол ұлына 16 рет пышақ сұққан

Фото ашық дереккөзден

Алматы облысында әйел 10 жастағы ұлын пышақтап тастады. Қанды оқиға 3 қараша күні Іле ауданының орталығы Өтеген батыр кентінде болған деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі облыстық Полиция департаментіне сілтеме жасап.

Жедел жәрдемге хабарды баланың атасы берген. Дәрігерлердің мәліметінше, баланың арқасы, қолы мен бетінде көптеген пышақ жарақаты болған. Медициналық тексеруден кейін облыстық балалар ауруханасында оқушыға шұғыл түрде операция жасалды. 

Тергеп тексеру барысында соңғы күндері 37 жастағы әйел өзін біреулердің өлтіргісі келгенін айтып, ұлынан күдіктенген. Аталған жағдайға қатысты полиция қылмыстық іс қозғады.

«Сағат 15:00 шамасында 10 жасар бала көптеген пышақ жарақатымен Өтеген батыр ауылындағы балалар ауруханасына түсті. Тексеру барысында балаға анасының пышақ сұққаны анықталды. Күдіктіге қатысты сот-психиатриялық сараптама тағайындалды, оны психологиялық диспансерге орналастыру мәселесі шешілуде. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабы «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Бірқатар сараптама тағайындалды. Тергеу барысында істің барлық мән-жайы анықталады», - деп хабарлады Алматы облыстық ПД баспасөз қызметі.

Дәрігерлер болса баланың жағдайы ауыр екенін айтып отыр. Ол қазір жансақтау бөлімінде жатыр.

«Жедел жәрдем бөліміне мойын және кеуде аймағындағы көптеген пышақ жарақаттарымен 2010 жылы туған бала түсті. Түскен кезде баланың жағдайы ауыр, алған жарақатына байланысты тұрақсыз болды. Шұғыл түрде операциялық бөлімге жеткізілді. Арқа, мойын, сол қолдың бірнеше рет пышақталғаны және өзге де кесілген жаралары анықталды. Бала 1, 2-дәрежедегі жарақаттық және геморрагиялық шок алған. Қазір оның жағдайы тұрақты ауыр жағдайда жансақтау бөлімінде жатыр», - деп хабарлады облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Ләйлім Әубәкірова.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.