«Оны 17 адам зорлағанына сенімдісіз бе?»: Тұрғымбаев Түркістан облысындағы жағдайға қатысты пікір білдірді
Қыздың анасы күдіктілерден 8 миллион теңге алып, арызынан бас тартқан

Мәжіліс отырысында Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Түркістан облысында 17 ер адам зорлағанын айтқан кәмелет жасына толмаған қыздың ісіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Журналистер сауалына жауап берген Тұрғымбаев БАҚ өкілдерінен қызды 17 адам зорлағанына қаншалықты сенімді екенін сұрады.
«Оны 17 адам зорлағанына сенімдісіз бе? Қыз жоғалып кеткен, бір тәулік болған жоқ, жедел шараларды өткізу барысында ол табылып, анасына қайтарылды. Ол күні арыз-шағым түспеген. Бір тәуліктен соң арыз түскен. Кейін қыздың анасы арызынан бас тартып, оны нотариалды түрде растаған. Бірнеше күннен кейін ғана әлеуметтік желіде оны 17 азамат зорлағаны туралы ақпарат пайда болды», - дейді министр.
Министр аталған арыз тіркелгенін және зорлау фактісіне қатысты тексеріс жүргізіліп жатқанын атап өтті.
«Біз тексеруге міндеттіміз. Жәбірленушіге қатысты бірқатар медициналық сараптама жүргізіліп жатыр. Тексеріс нәтижесі бойынша шешім қабылданады», - деді ішкі істер министрі.
Еске салсақ, Түркістан облысының 17 жасар тұрғыны өзін 17 еркек төрт күн бойы зорлағаны туралы мәлімдеген болатын. Енді ғана мектеп бітірген бойжеткеннің анасы осылай деп полицияға шағым түсірді.