18 жастағы бойжеткендер ойыншық қонжықтың ішіне есірткі жасырып жүрген
Жыл басынан бері Ақмола облысында 12 есірткі жасырушы ұсталды
Ақмола облысында синтетикалық есірткі таратты деген күдікпен екі қыз ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.
«Рефлекс» жедел алдын алу іс-шарасы кезінде синтетикалық есірткілерді жасырумен айналысатын колледж студенттері ұсталды. Олар бұл істі қосымша жұмыс іздеп жүріп, интернеттегі хабарландыру арқылы тапқан. Хабарландыруда асханадағы жұмыс көрсетілген. Онда табыс күніне 30 мыңға дейін жететіні айтылған. Алайда хат алмасу барысында қыздар бұл істің есірткімен байналысты екенін түсінеді. Соған қарамастан, ұсыныстан бас тартпаған.
«Республикалық «Рефлекс» жедел алдын алу іс-шарасы аясында Көкшетау қаласының аумағында «Оқжетпес» стадионының жанында синтетикалық есірткі заттарын жасыратын екі студент ұсталды. Олардан 95 есірткі түйіні тәркіленді», – деді Ақмола облысы ЕҚҚІБ бастығы Мейрам Жапбасов.
Ақмола облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Ерлан Қасым атап өткендей, жоғары сынып оқушылары мен студенттер мұндай хабарландыруларға жиі жауап береді және олардың арасында бұл істі тастамай, артынан темірторға түсетіндер де бар. Жедел қызметкерлердің айтуынша, қыздар бірге жұмыс істеген. Бірі есірткіні жасырса, екіншісі оның қайда жасырылғанын түсіріп, тапсырыс берушімен хат алмасып отырған. Тінту кезінде 18 жастағы студенттен белгілі бір иісі бар, ақ және көк түсті 34 түйір есірткі тәркіленді. Ал ойыншық қонжықтан 60 түйір есірткі анықталды.
«Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 296-бабының 2-бөлігімен сараптама тағайындалды, оның нәтижелері бойынша іс ҚР ҚК-нің 297-бабының 3-бөлігімен қайта сараланатын болады. Осы бап бойынша 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған», – деп атап өтті Мейрам Жапбасов.
Жыл басынан бері Ақмола облысында 12 есірткі жасырушы ұсталды, олардың үшеуі – кәмелетке толмағандар. Заңсыз айналымнан жарты келіден астам синтетикалық есірткі тәркіленді.