Өскеменде есірткі жасырып жүрген ер адам бейнекамераның көмегімен ұсталды
Күдіктіден 30 пакетке салынған пировалерон синтетикалық есірткісі тәркіленді
Өскеменде полицияның Жедел басқару орталығының бейнебақылау жүйелерінің және «Сергек» автоматтандырылған бағдарламалық кешені операторларының көмегімен, синтетикалық есірткі жасырып жүрген 19 жастағы азамат ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Облыс орталығының көшелеріндегі қауіпсіздік бейнемониторингі кезінде «Сергек» кешенінің операторы күдікті жас жігітті көрді. Бейнені жақындатқан кезде жігіттің есірткі заттарын жасырып жүргені түсінікті болды.
Әрі қарай полиция күштері «жасырушы» координаттары бар ақпаратты Жедел басқару орталығына тапсырып, оның офицерлері күдіктіні ұстау үшін патрульдік нарядтар жіберген.
Полиция қызметкерлері құқық бұзушыны Абай даңғылындағы тұрғын үйдің ауласында ұстады. Күдіктіден 30 пакетке салынған пировалерон синтетикалық есірткі алынды. Ұсталғанға дейін есірткі қойып үлгерген 2 жасыру орны табылды.
Есірткі жасыратыны туралы ақпарат Telegram мессенджерінде хат алмасу барысынан дәлелденген, сондай-ақ синтетика жасырған орындардың фотосуреті бар смартфоны дәлел ретінде сотқа дейінгі тексеру материалдарына қоса тіркелді.
Ұсталған азамат Өскемен қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалды және аса ірі көлемде есірткі өткізу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Ерлан Омарбеков алынатын есірткінің алты түрі үшін салмақтың шекті деңгейі Үкімет қаулысымен төмендетілгендігі туралы түсіндірді. Олардың қатарына Өскемен қаласының тұрғынынан алынған пировалерон жатады, оның аса ірі мөлшері қазір 1 грамм заттан басталады.
Биылғы жылдың тоғыз айында полиция 7 ұйымдасқан қылмыстық есірткі тобын жойды. 12 тоннадан астам есірткі, оның ішінде 4,9 кг героин, 9 тоннадан астам марихуана, 376 кг гашиш және 107 кг синтетикалық есірткі тәркіленді. 13 есірткі зертханасы жойылды.
Есірткі жарнамасы үшін 90 қылмыстық іс және интернет арқылы есірткі сатқаны үшін 77 іс қозғалды. Есірткі тарататын 875 сайт бұғатталды.