Елордада сәбиімен бірге 12-қабаттан секірмек болған әйел құтқарылды
Оқиғаны тұрғындар видеоға түсіріп алған
Нұр-Сұлтан қаласында кішкентай сәбиімен бірге 12-қабаттан секірмек болған әйел адам құтқарылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, оқиға 22 қазан күні сағат 17.30 шамасында болған.
«Кубрин көшесінде полиция капитаны Қайрат Нариманов қолында баласы бар әйелдің биік ғимараттың 12 -ші қабатындағы балконнан секіргелі тұрғанын байқайды. Әйел балкон жақтауына аяғын артып отырған.
Полиция қызметкері шұғыл әрекет етіп, кіреберіске жүгіріп барып, 12-қабатқа көтеріледі. Әйелдің өзін байқамағанын есік саңылауынан көз жеткізіп алған полицей ұмтыла жүгірген қалпы оны шап беріп ұстап, кері тартып алған», – делінген ПД хабарламасында.
Белгілі болғандай, 21 жастағы жас келіншек отбасындағы жанжалдан кейін ауыр әрекетке баруға бел буған. Оның қолында 1,5 жастағы сәбиі болған.
«Сол күні күнделікті ауысымнан кейін демалыста болғанмын. Балабақшадан балаларымды алып келе жатып, ауладағы шулаған тұрғындар дауысын естідім. Қарасам, сәби ұстаған әйел адам балкон жақтауына шығып алған екен. Мен ойланып жатпастан, кіреберіске қарай тұра жүгірдім. Сол кезде куәгерлердің бірі менімен бірге лифтке жүгірді. Бақытымызға орай, бәрі ойдағыдай болды, мен әйелді дер кезінде ұстай алып, ішке сүйреп кіргіздім», - дейді Қайрат Нариманов.
Жас ананы шарасыз халге түсірген күйеуінен қорғау туралы ұйғарым шығарылып, отбасы ерекше бақылауға алынды. Әйелмен профилактикалық әңгіме жүргізіліп, психологиялық көмек көрсетілді.