Қарағанды облысында жүк көлігі жаяу жүргіншіні қағып өлтірді
Қазіргі уақытта 33 жастағы жүргізушіге қатысты қылмыстық іс сотқа берілді
Сәтбаев қаласында Shaanxi-MAN жүк көлігі жаяу жүргіншілер жолағынан өтіп бара жатқан адамды қағып кетті. Жаяу жүргінші алған жарақаты салдарынан оқиға орнында көз жұмды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әлеуметтік желілерде Сәтбаевта болған жол-көлік оқиғасының видеосы пайда болды. Кадрлардан жүк көлігінің жүргізушісі баяу қозғалғанын көруге болады. Алайда жүргізуші ауыр көлікті дер кезінде тоқтата алмай, өтіп бара жатқан адамды қағып кетті. Жаяу жүргінші алған жарақатынан қайтыс болды.
«Жүргізушінің жылдамдықты асырмағанын, алайда көлік құралы мен жүктің ерекшелігін ескеріп, тежегішті жылдам баспағанын көреміз. Жол қозғалысы ережелерінде көретілгендей, жүргізуші қозғалыс қарқынын, көлік құралы мен жүктің ерекшеліктері мен жай-күйін, жол және метеорологиялық жағдайларды ескере отырып, көлікті шектеуден аспайтын жылдамдықпен жүргізуі керек еді», - деді Қарағанды облысы Полиция департаментінің анықтау басқармасының бастығы Алмаз Саламатов.
Қазіргі уақытта 33 жастағы жүргізушіге қатысты қылмыстық іс сотқа берілді. ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 3-бөлігі бойынша кінәліні 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылады.