Ақтөбеде 20-қабаттан секіріп кеткен қыздың әкесі суицид болғанына сенбейді
Өзіне қол жұмсаған оқушы небәрі 13 жаста болған
Оқиға 17 қазанда болған деп хабарлады «Астана» телеарнасы. 13 жастағы оқушы қыз құрбысымен киноға кеттім деп, көпқабатты үйдің 20-қабатынан секіріп кеткен. Ол оқиға орнында көз жұмды. Марқұмның әкесі болса суицид жасалғанына сенбейді. Оның пікірінше, қызын өлімге біреу итермелеген болуы мүмкін. Тіпті, ол компьютерлік ойынның құрбаны болған деген де болжам айтылуда.
Диананың әкесі Ерболат Қожақов күні кеше қызының денесін жер қойнына тапсырды. Ол болған оқиғадан әлі есін жия алар емес. Сол күні Диана көрші тұратын құрбысымен киноға барамын деп кетіп, басқа құрбысымен кездесіпті. Көпқабатты үйге не үшін барғаны да белгісіз.
Әлеуметтік желіде Диананың өліміне онлайн ойын себеп болды деген болжам айтылып жатыр. Алайда, бұл пікірді қыздың ата-анасы да, мектептегі мұғалімдері де жоққа шығарды. Жеткіншек қыздың бойынан соңғы кезде ешқандай өзгеріс байқалмаған. Ол бұрынғыдай ашық-жарқын жүрген еді дейді Диананың сынып жетекшісі Бақытгүл Алғалиева.
Істің мән-жайын қазір полиция анықтап жатыр. ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабының 3-тармағымен (өзін өзі өлтіруге итермелеу) сотқа дейінгі тергеу басталған.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, суицид жасалған көпқабатты үйдің балконынан бұған дейін де бірнеше адам секіріп өлген екен.