Қыздар университетіне тиесілі тоғыз гектар жерді ұрлағандар ұсталды
Тиісті тергеу шаралары жүргізіліп жатыр
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің бұрынғы қызметкері мен «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ Алматы облысы бойынша филиалының Қарасай аудандық тіркеу және жер кадастры бөлімінің және Қарасай ауданы әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің басшылары ұсталды деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Алматы облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігінің мәліметінше, күдіктілер 2018 жылы Кемертоған кентінде орналасқан ауданы 9 га жер телімі түріндегі университеттің мүлкін заңсыз ұрламақ болған.
«Университеттің жер телімі бірнеше телімге заңсыз бөлінген және жалған құжаттармен ұсталған тұлғаларға үлестес болып рәсімделіп, кейін адал сатып алушыларға сатылған. Аталған тұлғалар қылмыс іздерін жасыру және жер телімін университет балансына жалған қайтару мақсатында 2021 жылдың қаңтарында құқық белгілейтін құжаттарсыз мемлекеттің жер қорынан Көлді кентінде санитарлық аймақта орналасқан, жекеменшікке беруге жатпайтын жер телімін заңсыз бөлген», ˗ делінген агенттік таратқан хабарламада.
Белгілі болғандай, бүгінгі таңда барлық күдіктілерге соттың санкциясымен бұлтартпау шарасы тағайындалды. Аталған қылмысқа қатысы бар басқа адамдарды анықтау мақсатында қажетті тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.
Еркежан Айтқазы, Нұр-Сұлтан қаласы