ШұғылКоронавирусты жұқтыру қарқынында өсім байқалды

Өзіне 54 млн теңге аударып алған: Атырауда экс-шенеунікке үкім шығарылды

Ол бюджет қаражатын серіктесі екеуі бөліп алған

Фото: ашық дереккөзден

Атырау қаласының №2 сотында білім басқармасы басшысының бұрынғы орынбасары Толғанай Қолбаеваға қатысты үкім шығарылды. Оған бюджет қаражатын жымқырды деген айып тағылды, деп хабарлайды «Мой город» порталы.

Ол 2015-2020 жылдар аралығында өзінің қызметтік жағдайын пайдаланып, жолдасы Қолбаевамен бірге бюджеттен бөлінген 111 млн теңгені иемденген.

«Бұл ақшаның 54 млн теңгесін Қолбаева иемденсе, қалған бөлігін оның серіктесі алған. Олар қаражатты жалақыны заңсыз есептеу арқылы алған. Колбаева ақшаны өзінің банк картасына, сондай-ақ анасының картасына аударған», - делінген іс материалында.

Сот тергеуі барысында әйел адам өз кінәсін мойындап, өкінген. Ал иемденген қаражатты толығымен қайтарды. Үкім шығару кезінде сот оның кәмелетке толмаған балалары бар екенін де ескерді.

Экс-шенеунік кінәлі деп танылып, жеті жылға бас бостандығынан айырылды. Жазасын орташа қауіпсіз қылмыстық-түзету жүйесі мекемесінде өтейді. Сонымен қатар, оған өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салынды. Дегенмен Толғанай Қолбаеваның жас балалары болуына байланысты сот жазаны бес жылға кейінге қалдыру туралы шешім қабылдады.

Үкім заңды күшіне енген жоқ және оған шағым жасалуы мүмкін.