Бала-шағаңмен қосып өртеймін – Түркістан облысында төбелескен ұстаздарды мектеп директоры әзер ажыратты
Аталған жағдай бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде

Түркістан облысы, Шардара ауданы Т.Айбергенов атындағы мектеп-гимназиясының оқу ісі жөніндегі орынбасары Райгүл Мұсалиева мен ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Сандуғаш Жақыпова арасында болған даудың видеосы әлеуметтік желіні шарлап жүр.
Видеода мектеп гимназиясы директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары әріптесі Сандуғаш Жақыповаға балағат сөздер айтып, қолына түскен сөмкені бетіне лақтырады. Ал желі қолданушыларын педагогтер арасындағы жанжалдың ортасында тұрған оқушы қыздың жағдайы алаңдатты.
Azattyq Rýhy тілшісі аталған оқиға қай күні, қандай себеппен орын алды, қызмет барысында кәсіби этиканы сақтамаған мұғалімдерге қандай шара қолданылғаны туралы Түркістан облысы білім басқармасына хабарласып сұрады.
Шардара аудандының адами әлеуетті дамыту бөлімі берген мәліметке сүйенсек, оқиға қыркүйек айында болған. Жанжалдасқан мұғалімдерді мектеп директорының өзі ажыратып алған.
«2021 жылдың қыркүйек айында Р.Мұсалиева мен С.Жақыпова мектеп ішінде мұғалімдердің сағатына қатысты сөзге келіп, екеуі ұрысып қалады. Осы жағдай бойынша мектеп директоры М.Каныбеков 2021 жылдың 22 қыркүйек күні сағат 15:00-де екі жақты татуластыру мақсатында мектептің әкімшілік құрамымен Р.Мұсалиева мен С.Жақыпованы шақырып, жиналыс өткізеді. Жиналыс барысында Р.Мұсалиева мен С.Жақыпова арасында сөз жанжалға ұласып, Р.Мұсалиева С.Жақыповаға қолын сермеп, ұрысады. Екеуін мектеп директоры М.Каныбеков пен Е.Ергешов ажыратып алады. Сосын С.Жақыпова 102 номеріне телефон шалып полиция шақыртқан», - делінген мәлімдемеде.
Сондай-ақ, педагогтерден түсініктеме алынып, облыстық Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментіне аталған жағдайға байланысты тексеру жүргізу туралы сұраныс хат жолданған.
«Бұл жайт бойынша 2021 жылдың 22 қыркүйек жұмыс күні соңында мектеп директоры телефон арқылы хабарлама жасады. 2021 жылдың 23 қыркүйек күні адами әлеуетті дамыту бөлімінен болған жайтты анықтап-зерделеу туралы №247 бұйрығы рәсімделіп, бөлімнің бас маманы Д.Нұсқабаева, әдістемелік кабинет меңгерушісі Н.Жұман, заңгер Б.Яхудаев мектепке барып, түсініктемелер алынды. Осы мәселеге хатысты Түркістан облысының Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментіне, адами әлеуетті дамыту бөлімінің болған жайтқа тексеру жүргізу бойынша 2021 жылдың 24 қыркүйек күні №229-12/01-03/425 санды сұраныс хаты жолданған. Қазіргі таңда, Шардара аудандық полиция бөліміне № 215164031000248 санымен тіркеліп, әкімшілік іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. 05.10.2021 жыл күні Т.Айбергенов атындағы мектеп-гимназиясының Педагогикалық әдеп жөніндегі кеңес отырысы өткізілді», - деп жауап берді баспасөз қызметі.
Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан