Балалар балабақшадан шығып кеткен: Нұр-Сұлтанда болған оқиғаның мән-жайы айтылды
Балабақшаның электр қуатында ақау пайда болып, жүйе істен шыққан

Әлеуметтік желіде балабақшаға кіре берісте жұқа киінген балалардың жүргені туралы видео тарады. Балабақша басшылығы оқиғаның мән-жайын түсіндіріп берді, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Балабақша қаладағы тұрғын үй кешендерінің бірінде орналасқан. Сол күні ғимаратта электр қуаты болмаған.
Нұр-Сұлтан қаласындағы «Умнички» мектепке дейінгі орталығының директоры болған оқиға туралы айтты.
«Балабақшаның электр қуатында ақау пайда болып, жүйе істен шықты. Осыдан кейін біздегі домофон мен өрт сөндіру жүйесі жұмыс істемей қалды. Оқиға болғаннан кейін бәрін тіркеу үшін жедел жәрдем шақырдық. 4 қазан күні ата-аналардың бірі баласын алып кетерде қызметтік есікті ашық қалдырып кетіпті. Осы кезде балалар сыртқа шығып кеткен екен. Олар далада бірнеше минут тұрды. Қазір бәрі жақсы, балалардың ешқайсысы зардап шеккен жоқ», - деп түсіндірді мектепке дейінгі орталық директоры.
Оның айтуынша, бұл оқиғадан кейін балалардың ата-аналарына болған жағдай хабарланып, мән-жайы түсіндірілді.
«Мұндай жағдай үш жарым жыл ішінде бірінші рет болып отыр. Балабақшамызда домофон арқылы екі есік орнатылған, олардың артында пластикалық есіктері тағы бар. Барлық жерде бейнебақылау камералары жұмыс істейді. Бөтен адамдар балабақшамызға ешқашан кірген емес. Біз өз кінәмізді толық мойындаймыз. Ата-аналардан кешірім сұрадық, балабақша құнын толық қайтаруды ұсындық, бірақ көпшілігі болған жағдайға түсіністікпен қарады», - деді директор.
Нұр-Сұлтан қаласының білім бөлімі басқармасы жекеменшік балабақша мемлекеттің қатысуынсыз коммерциялық негізде жұмыс істейтінін хабарлады.