Мектеп жөндеуге бөлінген 1 млн теңгенің 130 мыңы ғана жұмсалған

Өңірде 200-ге жуық жемқорлық бойынша іс тіркелген

Фото: ашық дереккөзден

«Nur Otan» жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес отырысында Семей қаласында мектепті жөндеуге бөлінген 1 миллион теңгенің 130 мың теңгесі ғана жұмсалғаны белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Партия мүшелерінің айтуынша, облыста соңғы екі жылда білім саласы жемқорлық деңгейі бойынша көш бастап тұр. Өңірде 200-ге жуық жемқорлық бойынша іс тіркелген. Одан бөлек, 20 шақты азамат қызметін асыра пайдаланған.

«Семейдегі мектептің қасбеттік жарықшағын жөндеуге 1 миллион теңге бөлінді. Бұған 130 мың теңге ғана жұмсалған. Қалған 900 мың теңге жарықшақты қалай түзетуге болатынын анықтауға жұмсалыпты. Соңында ол жай ғана бұрандамен бекітілді. Бұдан бөлек, жақында аудан орталығында жаңа бассейн салынған. Бірақ ол қайтадан жөндеуді қажет етіп тұр», ˗ дейді «Nur Otan» партиясы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі РҚК мүшесі Дәурен Жүсіпов.

Оның айтуынша, Семей қаласындағы қордаланған мәселе мұнымен бітпейді. Жарты миллиард теңгеге салынған көшенің пандусы қисайып, қабырғалары жарылған, оған қоса едені де түзу төселмеген. Семейдің орталық саябағын қалыпқа келтіру жұмыстары екі жылға созылды. Мердігерлер тапсыру уақытын қайта-қайта шегеріп келеді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.