Қорғаста 13 млн теңгенің темекі өнімдерін заңсыз тасымалдаушылар ұсталды
«Қорғас» шекара маңы ынтымақтастық орталығы кеден бекетінде декларациядан өтпеген темекі өнімдері мен дәрі-дәрмектің ірі көлемін тасымалдаушылар ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
27 желтоқсан күні «Қорғас-ШЫХО» кеден бекетінің қызметкерлері ҚР ҰҚК ШҚ қызметкерлерімен бірге кеден бақылауын жүзеге асыру барысында Қытай елінен Қазақстанға кіру кезінде 5 990 блок (59 900 қорап) түрлі маркалы темекі өнімдерін, жалпы салмағы 1 285 келі болатын темекі және салмағы 48 келі болатын 8 орындық қытай дәрілерін ұстады.
«Ұсталған жеке тұлғалар темекі өнімдерін «Қорғас-ШЫХО» кеден бекетінің кедендік шекарасы арқылы кедендік бақылаудан жасырып, ҚР аумағына қайтсе де кіргізуге тырысқан», - дейді «Қорғас-ШЫХО» баспасөз қызметінің өкілдері.
Қазіргі уақытта темекі өнімдеріне салынатын кеден төлемдері мен салықтары 13 596 883 теңгені құрады.
Қазіргі кезде істің егжей-тегжейі анықталып жатыр, содан кейін бұл іске қатысы бар барлық тұлғалар тиісті заңнамаға сәйкес жауапқа тартылмақ.