Елімізде соңғы бір аптада 3 мыңнан астам қылмыс жасалған
Оның 13-і кісі өлтіру фактісі бойынша
Елімізде соңғы апта ішінде 3 мыңнан астам қылмыс жасалған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Хабар24»-ке сілтеме жасап.
Бұл туралы Ішкі істер министрлігі хабарлады. Полиция қызметкерлері кісі өлтіру фактісі бойынша ізін суытпай 13 қылмыстың бетін ашты. Соңы өлімге әкеп соққан және денсаулыққа қасақана зиян келтіру бойынша 15 қастандық, 39 тонау және мүлік ұрлаудың 463 фактісі әшкереленді. Адам саудасы да тыйылмай тұр. «STOP трафик» жедел-алдын алу шарасы барысында 70-тен астам құқық бұзушылық анықталды.
«Оның ішінде кәмелеттік жасқа толмағандарды саудалау фактісі бойынша 7 жағдай. Жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеу бойынша 16 қылмыс ашылды. Жеңгейтайлық пен жезөкшелікті ұйымдастыру және соған бөлме арнау бойынша 47 факт әшкере болды. Жезөкшелікпен айналысуға пәтерін ұсынған 22 адам және қоғамдық орындарда азаматтардың жөн-жосықсыз мазасын алған 479 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - деді ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаменті бастығының орынбасары Қанат Нұрмағамбетов.