Эльбрус тауына шыққан альпинистердің 5-еуі көз жұмды
19 адамнан тұратын альпинистер тобы тауға шығып, ауа-райының нашарлауына байланысты көмек сұраған
Эльбруста кәсіби емес альпинистер тобы апатқа ұшырады. Салдарынан 5 адам көз жұмды.Бұл туралы Ресейдің Төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады.
Эльбрус тауында (биіктігі 5400 метр) ауа-райының нашарлауына байланысты 19 адамнан тұратын альпинистер тобы көмек сұраған. Алғашқыда құтқарушылар тобы таудан төмен түсіп келе жатқан гидті кездестіргенін хабарлады. Түнгі сағат 2:45-те іздестіру-құтқару операциясы аяқталды.
«14 адам құтқарылды, олар Азау алаңына эвакуацияланып, дәрігерлерге тапсырылды. Өкінішке қарай, 5 адам қайтыс болды. Құтқарушылар қиын жағдайда жұмыс істеді. Желдің екпіні 40-70 м/с-қа жетті, қатты жауын-шашын ылғалды қар түрінде болды. Ауа температурасы -20°C дейін, көріну 1 метрден аспайды. Жұмысқа 69 адам, 16 бірлік техника тартылды», - деп хабарлады Ресейдің ТЖМ.