Тараздағы аялдамада болған жол апатынан зардап шеккен екі жолаушының қазіргі жағдайы айтылды

Жол апатынан екі адам қайтыс болып, екеуі ауруханаға түсті

15 қыркүйекте Таразда жеңіл көлік аялдамада тұрған төрт жолаушыны қағып кетті. Қатты соққыдан екі адам оқиға орында көз жұмды. Тағы біреуі ауыр халде жатыр. Ақ түсті кроссовер жүргізушісі кенет қарама-қарсы жолға шығып, аялдамаға тоқтаған автобусқа мінгелі жатқан бір топ адамды қағып өткен.

Жол апаты салдарынан төрт адам зардап шекті: оның екеуі оқиға орнында көз жұмып, екеуі жансақтау бөліміне түсті. Адам қаққақ жүргізушіге қазіргі таңда тергеу амалдары басталды. Қайтыс болғандар - 40 пен 60 жас аралығындағы әйел адамдар. Ал, ауруханаға түскен екі адамның бірінің жағдайы ауыр, деп хабарлайды 24.kz тілшісі.

«Оның бес қабырғасы сынған және миы шайқалған. Төменгі жақ сүйегі сынған. Екі тізесіндегі шеміршектің бәрі үзілген. Қазіргі жағдайы өте ауыр», - деді Тараз қалалық көп бейінді аурухана бас дәрігерінің орынбасары Сәкен Жұмашев.

Көліктің тізгінінде болған жүргізушінің 23 жастағы Тараз қаласының тұрғыны екені нақтыланды. Ол полиция келгенде оқиға орнында болған. Болжам бойынша жүргізуші ұйықтап кеткен сияқты. Қазір мән-жайды анықтау үшін сараптама тағайындалған. Аталған дерекке қатысты қылмыстық іс қозғалды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.