Лисаков қаласында атыс болып, екі адам қаза тапты

Тағы бір адам ауыр халде ауруханаға жеткізілді

Қостанай облысының Лисаков қаласында атыс болып, екі адам көз жұмды, бір адам ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қостанай облысының Полиция департаментінің мәліметінше, 11 қыркүйек күні сағат 11.00 шамасында №3 шағынауданындағы №18 көпқабатты үйдің ауласында белгісіз біреу оқ атқан.

«102 нөміріне хабар түсе салысымен оқиға орнына жедел-тергеу тобы дереу жіберілді. Күдікті келген полиция қызметкерлеріне қарай оқ атып, жедел-тергеу тобының тергеушісін жарақаттады. Көп ұзамай күдікті үйдің кіреберісінде жасырынып,  тәртіп сақшыларына оқ жаудырған. Тұрғындардың қауіпсіздігін сақтап, күдіктіні ұстау мақсатында полиция қызметкерлері қару қолдануға мәжбүр болды», - делінген ПД хабарламасында.

Полиция оғынан күдікті жарақат алған.

«Жарақат алған адам өз пәтеріне қашып, сол жерде ұсталды. Ал үйдің кіреберісінде оқ тиген екі әйелдің жатқаны анықталды. Ішкі істер қызметкерлері зардап шеккендерге көмек көрсету үшін оқиға орнына жедел жәрдем шақырған. Алайда алған жарақаты салдарынан әйелдердің бірі қайтыс болды. Сондай-ақ, ұсталған күдікті ауруханада көз жұмды», - делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар прокуратура органдары қару қолданудың заңдылығын зерттеп жатыр.

«Алдын ала тергеу нәтижесінде белгілі болғандай, жанжал жөндеу жұмыстарына қатысты туындаған. Мәселені өз бетінше шешпек болған 66 жастағы зейнеткер қару қолданған», - делінген хабарламада.

Соңғы мәліметтерге сәйкес, оқ жарақатын алған екінші әйел қазір жансақтау бөлімінде ауыр халде жатыр. Ол көз жұмған әйелдің қызы болған.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.