Ракеталық құрылғыларды Ресейге сатпақ болған азамат ұсталды
52 жастағы тұрғынның қолында 36 дана тауар болған
Теріскейлік азамат ракетаға арналған бұрыштық жылдамдық құрылғыларын ресейліктерге сатпақшы болған. 52 жастағы тұрғынның қолында 36 дана тауар болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
Ол Омбы қаласынан сатып алушы іздеп жүргенде Федералды қауіпсіздік қызметінің назарына іліккен. Ерекше тауар үшін 47 мың долларды олжалауды көздеген пысықай құрылғыларды сату кезінде құрықталды. Көрші елдің құзырлы органдары оны екі жылға бас бостандығынан айырды.
«Қолда бар ақпаратқа сәйкес, Маслов Қазақстан Республикасынан Ресей Федерациясына контрабандалық жолмен бұрыштық жылдамдық құрылғыларын тасымалдаған. Аталған зат ракеталық кешендерді құрастыруда қолданылады. Ұсталған азамат әскери бағыттағы бөлшектерді сатудың заңсыз жолын ұйымдастырмақшы болған», - делінген РФ Омбы облысы бойынша федералды қауіпсіздік қызметінде.
Құрықталған азамат Петропавлда бірнеше жылдан бері жер тыңайтқыштарын сатумен айналысқан. Артынша алаяқтығы үшін сотталып, екі жыл жазасын өтеп шыққан. Ресейліктер оның әскери бөлшектерді Петропавл ауыр машина жасау зауытынан алғанына сенімді. Себебі, аталған кәсіпорын ракеталық кешендерді құрастырумен айналысқан. Алайда, өндіріс ошағының өкілдері мұны жоққа шығарып отыр.
«Біздің зауытта мұндай құрылғылар шығарылмайды. Мен қазір бұл сұраққа жауап бермеймін. Егер толығырық ақпарат керек болса, бізге ресми түрде хат жазыңыздар», - деді «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ бас директоры Айдын Оразханов.