Ақтауда көлік апатынан екі адам зардап шекті
Жедел жәрдем тобы оларды ауруханаға жеткізді

Жол апаты 23 желтоқсанда күннің алғашқы жартысында Ақтаудың 26-шы шағын ауданында көп профильді облыстық балалар ауруханасының маңында болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Lada.kz сайтына сілтеме жасап.
Аймақтың полиция департаменті мен денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мән-жайды толығырақ хабарлады. Белгілі болғандай, «Lexus» маркалы көліктің жүргізушісі екінші жолдан шығып кетіп, осы уақытта сол жолақта қатар келе жатқан «Kia» жеңіл көлігіне жол бермеген. Осылайша екі көлік соқтығысып қалған. Жол көлік оқиғасының салдарынан Kia көлігіндегі екі жүкті келіншек зардап шеккен. Жедел жәрдем тобы оларды ауруханаға жеткізді.
1979 жылы туған келіншек жүктіліктің 33-34-ші аптасында, дәрігерлер оның жамбас жарақатын алғанын анықтады. Екіншісі 1988 жылы туған, жүктіліктің 22-23-ші аптасында, кеуде қуысын жаралап алған.
«Аталған факті бойынша Lexus жүргізушісіне қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 610-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Осы баптың санкциясы айыппұл төлеуді немесе жүргізуші құқығынан айыруды қарастырады. Көлік айыппұл тұрағына қойылды», - деп атап өтті ведомство өкілдері.