Жамбыл облысының тұрғынынан 20 келіден астам марихуана табылды
Ұсталған азамат 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін
Жамбыл облысында тұрғыннан 20 келіден астам марихуана табылды, деп хабарлайды Polisia.kz.
20 тамызда «Қарасора-2021» республикалық жедел алдын алу іс-шарасы аясында Жамбыл облысының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері №5517 Ұлттық ұланмен бірлесіп Шу қаласының «Сахзавод» ауданында жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында 51 жастағы жергілікті тұрғынды ұстап, оны тінту барысында жалпы салмағы 20,5 келіден астам марихуана мен 5 грамм гашиш есірткі заттарын тауып, тәркіледі.
«Ұсталған азамат өз кінәсін мойындап, Шу қаласының уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 296-бабының 4-бөлімі (Аса ірі мөлшерде есірткі заттарын заңсыз сақтау) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды, ол 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады», - деп хабарлады Жамбыл облысының Полиция департаментінің баспасөз қызметі бастығының м.а. Бегман Құтмырзаев.