Талдықорғандағы жарылыстан үш жұмысшы зардап шекті
Зардап шеккен жұмысшылардың бірі қазір жансақтау бөлімінде жатыр
Талдықорғандағы жарылыстан зардап шеккен үш жұмысшының біреуі қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Оның денесін тұтас күйік шалған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «КТК» телеарнасына сілтеме жасап.
Қалған екі азаматтың жағдайы орташа дейді дәрігерлер.
Айта кетейік, 25 тамыз күні түнде қаладағы көлік дөңгелегін өңдеу цехында болған жойқын жарылыс соңы өртке ұласып, тұрғындардың зәресін ұшырған болатын.
«25 тамыз күні түні сағат 4-ке таман үш науқас күйік жарақатымен келіп түсті. Бір науқастың жағдайы өте ауыр. Күйген пайызы 93-95. Жансақтау бөлімінде емін алып жатыр. Басқа екі науқастың жалпы жағдайы ауыр. Бүгін жиналыс өткізгеннен кейін ол науқастар бөлімшеге ауыстырылды», - деді Талдықорған қаласының көпбейінді ауруханасы директорының орынбасары Асқар Садықов.
Оқыс оқиға түнгі 3-тер шамасында болған. Нақтырақ айтсақ, көлік дөңгелегін өңдеу цехындағы сыйымдылығы 5 текше метр резервуар кенет жарылып, талдықорғандықтардың түн тыныштығын бұзған. Көп ұзамай кәсіпорын ішіндегі ескі көліктер отқа ораныпты. Лапылдап жанған қызыл жалынмен өрт сөндірушілер екі сағат арпалысты. Қазір мамандар жарылыстың себеп-салдарын анықтап жатыр. Болжам бойынша, жарылысқа өндірістің техникалық талаптарының орындалмауы себеп болған.