Журналисті далаға күштеп шығарған күзетшінің әрекетіне әкімнің өзі жауап берді
Аудан әкімі күзетшінің әрекетін ақтамайтынын, қазір тексеріс жүріп жатқанын айтты
24 тамыз күні әкімнен сұхбат алуға келісіп, Алатау әкімдігіне кірген «Хабар 24» телеарнасының тілшісі Ақбөпе Тәңірбергенді далаға шығарып тастаған күзетшінің әрекетіне бүгін әкімнің өзі жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy 24.kz-ке сілтеме жасап.
Алматы қаласы Алатау ауданының әкімі Азамат Қалдыбеков «Мемлекеттік қызметкерлер де, ғимаратқа жауапты адамдар да тиісті жазасын алуға тиіс деп ойлаймын» дейді. Ал өзі «кеше алдын ала келісім бойынша сағат 17:30-да сұхбат беруі керек екенін білмей қалдым» деп ақталды.
«Хабар 24» арнасындағы «Әкім» бағдарламасының түсірілім тобы өңірлерге алдын ала хабар берместен барады. Сөйтіп, аудан, қала немесе елдімекендегі шынайы жағдайды көзбен көреді. Жұрттың жергілікті билікке деген сұрақ-шағымын жазып алып, соңында әкімнен жауап алады. Бағдарламаның ерекшелігі де осы. 24 тамыз күні арна тілшісі мен таспагер кезекті түсіріліммен Алматы қаласы Алатау ауданының әкімдігіне барған. Аппарат басшысы әкімнің іште жоқ екенін алға тартып, журналистке сұхбат жазу үшін кешке келсін дейді.
«Өзім тікелей хабарласып, әкіммен сөйлесе алмадым. Сондықтан аппарат басшысы арқылы хабарластым. Сағат 17:30-да келіңіз, сізге әкім сұхбат береді деді», - дейді журналист Ақбөпе Тәңірберген.
Дәлел міне, «Барлық сұрақтарыңызды айттым» дейді аппарат басшысы. Осы бір ауыз сөзге сүйеніп, түсірілім тобы кешке қарай әкімдікке қайта оралады.
«Сағат 17:30-да әкімдікке қайта оралған кезде әкім жоқ екен, бізге аппарат басшысы шығып, «Әкім сұхбат бере алмайды, өкінішке қарай, әкімдікте емес» деп жауап айтты. «Онда халықтың сұрағы бар, онда орынбасарлардың бірі берсінші» дедім. Аппарат басшысы ішке кіріп кетті де сол күйі шықпай қойды. Мен әкімдікке турникеттің астынан өтіп кіріп кетуге, былайша айтқанда, мәжбүр болдым. Ал әу баста әкімдік қызметкерлері мені әкімдікке кіргізуі ойда да болған жоқ. Сондықтан «Ашық» қосымшасын көрсетіңіз деп ешкім айтқан жоқ», - дейді журналист Ақбөпе Тәңірберген.
Ал әкімнің бүгін берген жауабы мынадай: «Кеше өзім жұмыспен құрылыс алаңына кеткенмін. Кешкі бес жарымда сұхбат беру керек екенін білмедім». Алайда білдей аппарат басшысының неліктен «17:30-да әкім сұхбат береді» дегені белгісіз.
«Елдің көзінше де, бұқаралық ақпарат құралдарының көзінше де айттым... Сізге де айттым, Ақбөпе ханым. Осындай оқиға болғаны өкінішті, мен сізден әкім ретінде, аудан әкімінің басшысы ретінде кешірім сұраймын деп айттым», - деді Азамат Қалдыбеков.
Ал күзетішінің әрекетін аудан әкімі ақтамайтынын айтты. Қазір тексеріс жүргізіліп жатқанын жеткізді.
«Мен оны ақтамаймын. Күзетшінің мұндай әрекетін ақтамаймын. Бірақ бұл жерде тек күзетші емес, мемлекеттік қызметкер де, ғимаратқа жауапты адамдар да тиісті жазасын алуы тиіс деп ойлаймын. Дегенм, мұның бәрі комиссияның қорытындысы аясында берілсін. Қызметтік тексеру жүріп жатыр ғой. Оның қорытындысын асыра сілтеп, айтқым келіп тұрған жоқ. Осыған жауапты адамдар өзінің тиісті жазасын алады деп ойлаймын», - деді Алатау ауданының әкімі.
Оқи отырыңыз: Журналисті күштеп шығарып жіберді: Аида Балаева әкімдікте болған келеңсіздікке қатысты пікір білдірді
Бүгінде жұрт пікірі екіге жарылған. Бірі журналисті жақтап жатса, енді бірі әкімдікті ақтап жатыр. Ал заңгер бұл жағдайға өз бағасын берді.
«Мемлекеттік органның Қылмыстық кодекстің талаптарын бұзғанын әрі журналистің кәсіби қызметіне кедергі жасағанын көруге болады. Бұл үшін қылмыстық жауапкершілік бар», - деді заңгер Төлеген Болтанов.