Елордада тағы бір бала суға кетті
Шомылу маусымы басталғалы Нұр-Сұлтан қаласында 9 адам суға батып кеткен
18 тамызда елордада тағы бір бала суға кетті. Кешкі сағат 18:39-да елордалық құтқару қызметінің «101» пультіне Сарыарқа ауданы Аққорған көшесі бойынша Есіл өзеніне қыз баланың суға батып кеткені туралы хабарлама келіп түскен.
Оқиға орнына жедел түрде 1 техника және 4 құтқарушы жіберілді. Сүңгуірлер тобы су түбін зерделеп, қызды іздестіру жұмыстарына жедел кіріскен. Бұл жерде қазба жұмыстарының жүргізіліп жатуы және су түбінің батпақ болуы іздестіру жұмыстарын қиындатқан. Сонымен қатар бұл учаскеде суға түсуге рұқсат жоқ. Алайда қиындықтарға қарамастан құтқарушылар сағат 20:47-де сүңгуір жабдықтарының көмегімен 2008 жылы туған қыз баланың денесін судан алып шықты.
Өкінішке қарай, суға шомылу маусымының басталғалы Нұр-Сұлтан қаласының аумағында 9 адам суға батып кеткен, оның бесеуі - балалар. Қаза болу фактілерінің барлығы суға түсуге тыйым салынған орындарда тіркелген.
Еске сала кетейік, елордада ресми түрде суға түсуге рұқсат етілген 4 орын белгіленген, олар: « Три пескаря» демалыс аймағы, «Столичный двор» астаналық ауласы және Орталық саябақта орналасқан қалалық жағажай, Триатлон саябағы ауданында орналасқан жағажай.