Алматы маңындағы шатқалда өзенге құлап кеткен турист жарақат алды
Жағдайы орташа ауыр деп бағаланған ер адам №7 қалалық ауруханаға жеткізілді
Алматы қаласындағы Ақсай шатқалында демалушылардың бірі өзенге құлап, жарақат алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ҚР Төтенше жағдайлар министрдлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, жазатайым оқиға 12 тамыз күні болған.
Су айдындарында демалушылардың қайғылы жағдайға ұшырауына жол бермеу мақсатында жүргізілетін күнделікті кезекті рейдтік патрульдеу кезінде, Республикалық жедел-құтқару жасағының құтқарушылары көмекке мұқтаж демалушылар тобын кездестірген.
«Демалушылардың бірі жар шетінде ұйықтап қалған. Ұйқыда жатып аунаған сәтте, ол абайсызда Ақсай өзенінің тасты тұсына қарай домалап құлап кетеді. Соның салдарынан демалушы ашық бас жарақатын алған», - делінген ведомство хабарламасында.
Белгілі болғандай, туристер дереу РЖҚЖ құтқарушыларын көмек сұраған. Зардап шегушіні құтқарушы-дәрігер қарап, алғашқы медициналық көмек көрсетеді. Ер адамның жағдайы орташа ауыр болған.
Ер адам шұғыл түрде РЖҚЖ жедел көлігімен Алматыдағы №7 қалалық ауруханаға жеткізілді.
.