Арыста фосфор тиелген вагондар өртеніп жатыр: жақын маңдағы тұрғындар эвакуацияланды
Мамандар өрттің оқшауланғанын айтты
Оқиға 6 шілде күні сағат 16:25 шамасында басталған. Арыс қаласындағы темір жол станциясында тұрған жүк пойызындағы вагондардың бірінде өрт тұтанып, жалын көрші вагонды да шарпып үлгерген. Оттың тез жануының басты себебі – вагондарда сары фосфор заты болған.
«ҚТЖ» АҚ күштерімен екі вагон құрамнан дереу ажыратылып, бөлек жолға шығарылған. Бұл өзге пойыздардың қозғалысына кедергісін келтірген жоқ.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқамановтың айтуынша, фосфорды өшіру қиын және оның түтіні ұзаққа дейін бықсуы мүмкін. Сондықтан, жергілікті билік жақын маңдағы тұрғындарды қауіпсіз жерге көшірген.
Ал, өртті сөндіруге облыстық ТЖД-ның 26 қызметкері мен 5 техникасы, «ҚТЖ» АҚ-ның 12 қызметкері мен 1 техникасы, өрт сөндіру пойызы, полиция мен әскерилер, СЭБ мамандары жұмылдырылған. Өрт сағат 19:22-де оөшауланған. Оны тұтастай сөндіру жұмыстары әлі жалғасып жатыр.