Алматы облысында өрт кезінде сегіз адам құтқарылды
5 тамызда Талғар қаласында 4 қабатты көппәтерлі тұрғын үйдің бірінде өрт шықты
Алматы облысында өрт кезінде сегіз адам құтқарылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Өрт туралы хабарлама Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментіне сағат 14:43-те келіп түсті. Алғашқы өрт сөндіру бөлімшелері шақыру орнына белгіленген нормативтік уақытта келіп жетті. Сағат 14:51-де келген сәтте пәтердің терезесінен ашық оттың жалыны көрінді, сондай-ақ барлау жүргізу барысында ғимараттың конструктивтік ерекшеліктерін, дәлізді жоспарлауына байланысты тұрғындарды эвакуациялау жолдары тығыз түтінмен және жоғары температурамен кесілгені анықталды. Көрші тұратын тұрғындардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнді. Өрт көрші пәтерлер мен ғимараттың шатырына ауысу қатері болды», - делінген хабарламада.
Талғар қаласы №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің және Талғар ауданы ТЖБ қызметкерлері бір мезгілде өртті сөндіре отырып, адамдарды құтқару және эвакуациялау бойынша жұмысты дереу ұйымдастырды.
Қабылданған жедел шаралардың арқасында 8 адам, оның ішінде 6 бала құтқарылды. Өрт сағат 15:12-де сөндірілді. Тілсіз жаудан құрбан болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Өрттің ғимарат шатырына және көрші пәтерлерге таралуына жол берілмеді.
Өрттің алдын ала себебі - электр сымдарының қысқа тұйықталуы.
Алматы облысы ТЖД азаматтарды электрлік тұрмыстық құралдарын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға және оларды қараусыз қалдырмауға шақырады.