Петропавлда түрмеден шыққан педофил тағы бір кішкентай қызды зорлады
Облыс полицейлері тағы бір педофилді іздеп жатыр
Петропавлда соңғы екі күнде кәмелетке толмаған екі қызға сексуалдық зорлық-зомбылық көрсетудің екі фактісі тіркелді. Полиция күдіктілердің бірін қолға түсірді. Ол осы сынды қылмысы үшін бұған дейін де жазасын өтеген. Екінші қылмыскер іздестірілуде, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі СҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бірінші жағдай 3 тамызда тіркелді. Жас балаға қатысты сексуалдық сипаттағы және де өзге де зорлық-зомбылық әрекеттерін жасады деген күдікпен облыс орталығының бұрын сотталған тұрғыны ұсталды. Аталған факт ҚР Қылмыстық кодексінің 121-бабының 4-бөлігі «Жас балаға қатысты жасалған сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері» бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жүргізілуде.
«Келесі қылмыстық оқиға бүгін 4 тамызда тіркелді. Басқа жас балаға қатысты жасалған сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері туралы полицияға хабарлама түсті. Факт ҚР Қылмыстық кодексінің 121-бабының 4-бөлігі бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Қазіргі уақытта кінәлі тұлғаны анықтау және ұстау бойынша жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілуде. Бұл жайында ертең тағы да толық ақпарат береміз. Қазір жазғы демалыс мезгілі. Балалар көбіне өздері ғана ойнайды. Ата-аналардан аса сақ болып, балаларын қараусыз қалдырмауларын сұраймыз», - делінген Полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Жапа шеккен екі қыз баланың бірі 9 жаста болса, екіншісі 13-те. Аталған қылмыстар Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті және облыс прокуратурасының басшылығы ерекше бақылауына алынды.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО