ШұғылҚазақстанда COVID-19 вирусын жұқтырғандар саны азайып келеді

Ертіске батып бара жатқан қызды құтқарған ер адам өзі суға ағып кетті

Марқұм жағажайға достарымен демалуға келген

Павлодарда Ертіс өзеніне батып бара жатқан 10 жасар қызды құтқармақ болған ер адамның өзі суға ағып кетті деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі облыстық Төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап.

Ведомствоның хабарлауынша, 3 тамызда сағат 14:47-де құтқарушыларға қала жағажайында 59 жастағы ер адамның суға батып кеткені туралы хабар келіп түскен.

«10 жасар қыз жағажайда анасымен бірге жүрген. Жүзе алмайтынына қарамастан қыз суға түсіп, тұншыға бастаған. Сол сәтте ер адам оның артынан барып таяз жаққа қарай итеріп жіберген де, өзі батып кеткен», - делінген ТЖД таратқан хабарламада.

Сол маңда жүрген өзге адамдар қызды жағаға алып шыққан. Оған медициналық көмек қажет болған жоқ. Ал, ер адамды құтқару мүмкін болмады. Марқұм жағажайға достарымен демалуға келген екен.