Алматыда екі адамды жаншып өткен жүргізуші жауаптан жалтарып кетуі мүмкін
Жол апатынан 58 жастағы әйелдің аяғы 16 жерден сынған, ал 10 жасар қыздың бір аяғымен бірге жыныс мүшесі жұлынып кеткен
Алматыда әжесі мен немересін жаншып өткен жүк көлігінің жүргізушісі жауапкершіліктен жалтарып кетуі мүмкін. Жантүршігерлік жол апатынан қылмыстық құрам таппаған полицейлер тергеуді тоқтатып тастаған. Апатқа жәбірленушілердің өздерін кінәлі етіп шығарған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Сөйтіп істің жабылғаны туралы зардап шегушілерге пошта арқылы хабарлаған.
Жол апатынан 58 жастағы әйелдің балтыры 16 жерден сынып, ал 10 жасар қыздың бір аяғымен бірге жыныс мүшесі де жұлынып кеткен. Қаулымен келіспеген баланың анасы жүргізушіні ғана емес, енді істі жылы жапқан полицейлерді де жазалауды сұрайды.
Светлана Сумелидидің бес айдан бері ішкені – ірің, жегені – желім. Жол апатының кесірінен әйелдің анасы мен қызы бір күнде мүгедек болып қалды. «КамАЗ» соққысынан 58 жастағы зейнеткердің жамбасы қақ бөлініп, сол аяғы 16 жерден сынған. Енді оның денесін өмірінің соңына дейін сүйегіне екі жерден жалғанған арматура ұстап тұрады. Ал 10 жасар қыздың жарақаты туралы айтуға ауыз бармайды. «КамАЗ» оның оң аяғын жұлып кеткен. Дәрігерлер дене мүшесін сол мезетте тігіп беріпті. Бірақ егер оқушы бір айда аяғынан басып жүрмейтін болса, одан да айырылғалы тұр. Бірақ бұл қасіреттің бер жағы ғана.
«Жыныс мүшесіне ота жасатуға дайындалып жатырмыз. Дәрігерді әрең таптық. Себебі: ота күрделі деп бәрі бас тартты. Жалғыз бір хирург қана келісімін берді. Ота сәтті жасалған күннің өзінде қызымның болашақта ана атануы екіталай дейді дәрігер. Ешқандай кепіл жоқ деді», - дейді жәбірленуші қыздың анасы Светлана Сумелиди.
Баланы жаншып өткен жүк көлігі оның жыныс мүшесін жұлып әкеткен. Соның салдарынан ішіне жалғанған түтікше арқылы кіші дәрет сындырады.
Сұмдық жағдай 15 наурызда болған. Аялдаманың жанында автобус күтіп тұрған әжесі мен немересін «КамАЗ» жаншып барып бір-ақ тоқтаған. Оқушыны аман алып қалу үшін дәрігерлер әрқайсына алты сағаттық алты ота жасаған. Бала он күн бойы ес-түссіз жатып, өз-өзіне келгенде есінен тана жаздаған. Тірілтіп алу үшін 84 мәрте наркоз салынды дейді анасы. Бірақ солай бола тұра, жүргізуші қамауға алынбаған. Тіпті бес айдан соң кінәсіз деп танылып, іс жылы жабылған.
«Тергеушілер қылмыстық істі тоқтатты. Сорақысы сол, олар басынан бастап жүргізушіні күдікті ретінде іске тіркеген жоқ. Іспен танысқанда басқа көлік жүргізушілерінің сұралмағанын көрдім. Қажетті сараптамалар тағайындалмаған. Оқиға орнында ешкімнен сұрақ-жауап алынбаған. Бір сөзбен айтқанда, жүргізушінің кінәсін дәлелдейтін еш әрекет жасалмаған», - деді адвокат Вера Макарушка.
Керісінше, зардап шегушілердің өзі кінәлі болып шықты. Тергеушілер қаулыда өздері көлік астына түсті деп қорытындылапты. Онысын екі куәгер растаған. Адвокат оқиғаны «көзбен көрдім» дегендердің бірі күдіктінің көршісі деп отыр. Бір қызығы полициядағылар екі сөйлеп отыр. Іс тоқтады деп қаулы шығарғандар аяқасты тергеу қайта жалғасуда деп мәлімдеме жасады.
«Аталған факт бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. Қосымша сараптамалар тағайындалады», - деді Алматы қаласы ПД ресми өкілі Евгений Лысенко.
Сумелидилер отбасы істі бір жауып, бір ашқан полицияға сеніп отырған жоқ. 10 жасар қыздың өміріне балта шапқан «КамАЗ» жүргізушісін жауапқа тартпай қоймаймыз деп отыр.