$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
26.07.2021, 13:30
Оқиғалар

Теңіз кен орнында мердігер компания қызметкерлері ереуілге шықты

Олар жалақыны өсіруді талап етті

25 шілдеде таңертең Атырау облысындағы Теңіз кен орнында жалақыны көтеруді талап еткен ESS жұмысшыларының ереуілі басталды.

ESS компаниясы - «Теңізшевройлдың» мердігер мекемесі. «ТШО» ЖШС мұндай жағдайға байланысты әдеттегіше түсінік берді: «Теңізшевройл»-ға ESS/Compass-Kazakhstan мердігер компаниясының қызметкерлері еңбек қатынастарына қатысты алаңдаушылық білдіргендігі белгілі болды. ТШО-ға мердігер компания басшылығының туындаған мәселені шешу үшін шұғыл шаралар алып жатқаны хабарланды. Бұл ESS/Compass-Kazakhstan компаниясының ішкі мәселесі болғандықтан, бұған қатысты барлық сауалды осы компанияның басшылығына жолдаған жөн».

Өз кезегінде, «ESS Support Services» ЖШС бас директоры Майк Тайлор ресми жауабында компания басшылығына 213 қызметкерден жалақыны көтеру туралы өтініш түскенін айтты:

«Біз қызметкерлерімізді және олардың істеген жұмысын бағалаймыз. Біз қызметкерлермен ашық диалог жүргіземіз және осы мәселені шешу үшін қолданыстағы ҚР еңбек заңнамасы шеңберінде жұмыс істейтін боламыз. Осы уақытта біз ESS ұжымдық шартының талаптарына сәйкес, жылдық инфляцияны ескере отырып, жалақыны жүйелі түрде қайта қарау бағдарламасын жүргізіп жатқанымызды хабарлаймыз. 2021 жылдың қаңтарында бағдарлама аясында сағаттық төлемді 6%-ға арттырды. Сонымен қатар ESS басшылығы негізгі мүдделі тараптармен, жергілікті және аймақтық үкіметтермен, кәсіподақтармен бірге серіктестік аясында жұмыс істейді. Біз сонымен бірге қызметкерлермен және оларда туындайтын кез-келген мәселені талқылауға әрқашан дайынбыз», - делінген хатта.

Осы уақытта интернетте Теңізде болған ереуілдің видеосы тарап жатыр. Онда ереуілдер толқыны Маңғыстаудан Атырау облысына ауысқаны айтылған. Еске салсақ, өткен аптада Маңғыстау облысында бірнеше мұнай-газ компаниясының жұмысшылары жалақыны көбейтуді және еңбек жағдайын жақсартуды талап етіп, ереуілге шыққан болатын. «ӨзенМұнайГаз» АҚ компаниясының өндірістік нысандарын күзететін «KMG-Security» ЖШС қызметкерлері айлық жалақыны 150 мың теңгеге дейін көтеруді және мереке қарсаңында сыйақы төлеуді талап етті. Іле-шала Қаражанбас мұнай кен орнын қорғаумен айналысатын KMG-Security компаниясының басқа бір филиалының жұмысшылары да өз талаптарын қойды. Содан кейін оларға «МұнайСпецСнаб Компани» ЖШС қызметкерлері қосылды. Ал осы аптада ESS-тің 200-ден астам қызметкері осындай өтінішпен өз компаниясының басшылығына жүгінді.

Серіктес жаңалықтары