ШҚО-да балалар үйінен үш тәрбиеленуші қашып кетті
Полицейлер оларды екі күн бойы іздеген
Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданына қарасты Төменгі Тайынты ауылында орналасқан «Үміт» балалар үйінен кәмелетке толмаған үш тәрбиеленуші қашып кеткен. Полиция оларды 16 шілдеде таңғы сағат алтыда аман-есен тапты деп хабарлайды облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Тәртіп сақшыларына балалар үйінің директоры 14 шілде күні түнде шағымданып келген. Ол мекемеден 14, 15 және 17 жастағы үш баланың кетіп қалғанын айтқан. Мұнан кейін шұғыл іздеу жұмыстары ұйымдастырылып, іздеу жұмыстарына Ұлан АПБ жеке құрамы, ТЖ қызметкерлері, Асубұлақ ауылдық округі әкімдігінің қызметкерлері және еріктілер жұмылдырылды.
«Іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында ағымдағы жылғы 16 шілдеде таңғы сағат 06:05-те «Өскемен-Самар» тас жолында қызмет атқарған патрульдік полиция батальоны қызметінің инспекторлары Тарғын ауылындағы тас жолда орналасқан қараусыз қалған үйге кіріп бара жатқан үш жасөспірімді байқайды. Тәртіп сақшылары аталған үйді тексеру кезінде кәмелетке толмаған балаларды сол жерден табады. Қазіргі уақытта ер балалар барлық мән-жайларды анықтау үшін Ұлан АПБ-ға жеткізілді», - делінген Полиция департаменті таратқан хабарламада.