БҚО-да браконьерлерден киіктің мыңнан астам мүйізі тәркіленді
Екі күн бұрын Алматы облысында да киік мүйіздерінің ірі партиясы табылған болатын
Батыс Қазақстан облысының полицейлері МАЗ жүк көлігін тексеру барысында оның жасырын жүксалғышынан мыңнан астам мүйіз тәркіленді деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазіргі таңда тергеушілер осыншама үлкен көлемдегі контрабанданың қайдан алынғанын анықтап жатыр.
«Жедел іздеу шаралары барысында БҚО Полиция департаментінің экстремизммен күрес басқармасы мамандары Орал арқылы ірі көлемде киік мүйізі тасымалданатыны туралы ақпарат алды. Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің бірлесе жүргізген жұмысының арқасында Конкин көшесінде МАЗ жүк көлігі тоқтатылып, көлікте жасырын жүк салғыш бар екені анықталды. Тексеру барысында жүксалғыштан киіктің 1 178 дана мүйізі анықталып, тәркіленді. Аталған жайт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды», - деді БҚО Полиция департаментінің басшысы Махсудхан Аблазимов.