СҚО-да із-түзсіз жоғалып кеткен 14 жасар жасөспірім табылды
Өңірде жыл басынан бері іздеу салынған 219 баланың жүрген жері анықталды

СҚО-да полицейлер мен волонтерлар 14 жасар жасөспірімді іздестірді, деп хабарлайды Polisia.kz.
Жыл басынан Солтүстік Қазақстан облысының полиция бөліміне туыстарының жоғалғаны туралы хабарлаған 200-ден аса азамат жүгінген. Олардың арасында із-түзсіз жоғалғандар ретінде ізделгендер – кәмелетке толмаған балалар. Олар көбіне ата-аналарын ескертпестен үйлерінен кетіп қалады, ұялы телефондарын әдейі сөндіреді немесе шалған қоңырауға жауап бермейді. Мұндай жағдайда алаңдаған ересектер полицияға көмекке жүгінеді. Жасөспірімдердің осындай жауапсыз әрекеттерінің бірі – туыстарымен жанжалдасу, өз теңдерінің арасындағы түсініспеушілік.
Мамлют ауданының полиция қызметкерлері жергілікті тұрғындардың мектеп оқушысын іздеуі туралы ақпарат таратқан WhatsApp мессенджерінің чатынан 14 жастағы жасөспірімнің жоғалғанын анықтайды. Жедел уәкілдерге белгілі болғандай, бала үйдегі ұрсыстан кейін туысының үйінен кетіп қалған. Аталған факт Мамлют ауданының полиция бөлімінде тіркелді. Аудандық бөліністің жеке құрамы “Дабыл” сигналы бойынша жиналды. Мамлютка қалалық бейнебақылау камераларын қарау кезінде жасөспірімнің күндізгі сағат 12 шамасында аудан орталығынан Петропавлға кеткені белгілі болды. Одан кейінгі жедел іс-шаралар оның жол-жөнекей көлікпен облыс орталығына кеткенін анықтауға мүмкіндік берді. Іздеуге әлеуметтік желілерде бағытамаларды таратуды ұйымдастырған “Lider.KZ” волонтерлері қосылды.
«Қараңғы түсіп, балада ұялы телефонның болмауы іздеуге қиындық туғызды. Жоғалған балаға қатысты бағыттама барлық әлеуметтік желілер мен Мамлютка және Петропавл қалаларының мессенджерлеріне таратылды», – дейді Мамлют ауданының ПБ криминалдық полиция бөлімшесінің бастығы Ерлан Дәулетов.
Петропавлдың қырағы тұрғынының көмегімен түнгі сағат 2 шамасында жасөспірім табылды. Оны байқаған әйел бұл жайында волонтерлер көрсеткен нөмірге хабарлаған. Келіп жеткен полиция қызметкерлері кәмелетке толмағанның адасқанын және қайда барарын білмегенін анықтады. Сол түні мектеп оқушысын анасына табыс етті.
Жыл басынан із-түзсіз жоғалған 219 баланың жүрген жері анықталды. Сондай-ақ кезекші тәулікте 150 адам табылды.