Петропавлда өрттен екі адам қайтыс болды

6 адам басындағы панасынан айрылды

Петропавлда өрттен екі адам қайтыс болды

Петропавлдың Жұмысшы кентінде өрт шығып, екі адам қайтыс болды. Қызыл жалынның тұтануына темекі тұқылы себеп болған. Тілсіз жаудан келген шығын көлемі есептелуде, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Оқиға Фурманов көшесінде болған. Қос пәтерлі үйдің біреуі  отқа оранған. Салдарынан 77 жастағы зейнеткер мен оның 36 жастағы қызы қайтыс болды. Екі жасөспірім далаға шығып үлгерген. Олар әзірге туыстарының үйін паналауда. Төтенше жағдай қызметінің болжамынша, оттың шығуына қарияның шылым шегуі себеп болуы мүмкін.  

«Көршілерінің айтуынша, таңғы сағат 6 шамасында аталған үйдің тұрғындары күйіп жатқан құс төсек пен көрпені сөндірмек болған. Алайда толықтай өшкеніне көз жеткізбестен үйлерінің кіре берісіне қоя салған болар. Өйткені өрт дәл осы бөлмеден шыққан. Анықталғандай қайтыс болған қария өздігінен жүре алмаған екен. Төсекте темекі шеккен. Бір айта кетерлігі бұл үйде өрт бірінші рет шығып отырған жоқ», - дейді СҚО ТЖД басқармасының басшысы Әзімхан Мерқасымов.

Қызыл жалын жапсарлас орналасқан екінші пәтердің төбесін де шарпыған. 6 адам басындағы панасынан айрылды. Олар әзірге туыстарының үйіне барады.

«Бауырым тұрады бұл үйде. Баспанасыз қалды. Өзі жарымжан, сөйлей алмайды. Тағы өрт бола ма деп қауіптеніп заттарын шығарып жатыр. 6 адам далада қалды. Баратын жерлері жоқ. Бұған дейін шатыр тағы да күйген. Өздері амалдап жөндеп алған болатын. Қазір жағдай жоқ. Шынын айтайын, көршілер ішімдікке салынған еді. Арты осындай қайғылы жағдайға ұласты. Кімнен көмек сұрайтынымызды да білмейміз», - дейді Гүлмауғиза Жанмұхамбетова.

Жыл басынан Петропавл қаласында тұрғын үйлерде 109 өрт тіркелді. Салдарынан 11 адам қаза тауып, 19 адам жарақаттанған. Оның 3-і бала. Келтірілген шығынның жалпы сомасы 14 млн теңге.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.