СҚО-да жарты тонна балық қырылып қалды

Автор: Azattyq Rýhy

Себебі анықталып жатыр

Солтүстік Қазақстанда балық қырылды. Қызылжар ауданына қарасты Қарабек көлінің жағасынан жарты тонна өлексе табылды. Себебі әзірге белгісіз. Сараптама тағайындалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Бескөл ауылының іргесіндегі шағын көлдің жағалауы өлексеге толып кеткен. Мамандар екі түрлі болжам айтып отыр. Балықтың қырылуына аптап ыстық немесе күшті найзағай себеп болуы мүмкін. Жағымсыз иіс айналаға тарап жатыр. Балықтың қырылғанын алғашқы болып аңғарған тұрғындар тиісті органдарға хабарласқан. Көп күттірмей жауапты тұлғалардан жиналған жұмыс тобы сынама алған.  

 «3 шілде күні табиғи ресурстарды реттеу басқармасы бізге хабарласып, осында жағдай болып жақандығы туралы хабардар етті. Оқиға орнына бірден тиісті мамандар жиылып, көлді тазартты. Экологтар мен ветеринаия қызметі оның себебін анықтау үшін су мен балықтан сынама алды. Қоршаған ортаға ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ», - дейді «Есіл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы» РММ бөлімінің басшысы Ильдар Кәкімов.

Солтүстік Қазақстанда өзен-көлдердегі балықтың қырылу фактісі жылына бірнеше рет қайталанып тұрады. Сәуір ауында Соленое көлінде дәл осындай жағдай болған еді.   

«Қызылжар ауданында балықтардың жаппай қырылу дерегі бірінші рет болып отыр. Алдағы уақытта тиісті органдар алдын-алу шараларын жиі өкізеді деген сенімдемін. Және осы жұмыстарға арнайы қаржы бөлінсе, су айдындарында тазарту жұмыстары жүргізілер еді. Бұл көл 2017 су тасқыны болған кезде пайда болды. Онда ешкім шомылмайды», - дейді Бескөл ауылы әкімінің міндетін атқарушы Мәулен Қасымғожин.

Сынама нәтижесі алдағы аптада белгілі болады. Балықтың қырылып жатқаны түсірілген бейнежазбалар әлеуметтік желілерде тарады. Видео авторлары су жәндіктерінің күнде қырылып жатқанын айтады.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО