Қазіргі уақытта апатқа қатысты қызметтік тергеу жүргізіліп жатыр
Қостанай облысында полиция қызметкері жол апатынан қайтыс болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі өңірлік полиция департаментіне сілтеме жасап.
Жол-көлік оқиғасы 18 желтоқсанда сағат 10:28 шамасында «Қостанай-Әулиекөл-Сурган» тасжолында болған. Октябрьское ауылына бұрылыста жүк көлігі мен «Audi» автокөлігі соқтығысып, бір адам қайтыс болған. Зардап шеккендер бар.
«Оқиға орнына дереу жеткен жедел-тергеу тобы жол апаты кезінде бір көліктің жолаушысы - Әулиекөл полиция бөлімінің 32 жастағы қызметкері қайтыс болғанын анықтады. Шетелдік көліктің жүргізушісі ауа-райының бұзылуына байланысты рөлді игере алмай, қарсы беттегі жолға шығып кеткен», - делінген хабарламада.
Полиция мәліметінше, тергеуші қызметтік міндетін атқарып, қылмыстық іс бойынша сараптама тағайындау үшін Қостанайға бара жатқан. Сондай-ақ, апат кезінде «Audi» көлігінің 29 жастағы жүргізушісі қатты жарақаттар алып, ауруханаға түскен.
Қазіргі уақытта Қостанай облыстық ішкі қауіпсіздік дирекциясы апатқа қатысты қызметтік тергеу жүргізіп жатыр.